АШМ: 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын қолдау деңгейі 4,5 есеге артуы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай еліміздегі ауыл шаруашылығын қолдау деңгейі бүгінгіден 4,5 есеге артуы тиіс. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Ресей рублінің девальвациясы, соның салдарынан көршілес елдердің біздің нарыққа енуі, ДСҰ-ға ену, Еуропа мемлекеттерінің санкциялық саясаты - осының бәрі бізден агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауға прагматикалық қадамды талап етеді. Соның ішінде біз қолдаудың тиімділігін көруіміз керек. Бұл ретте ауыл халқы санының көптігін, ауыл шаруашылығы саласындағы экономикалық белсенді жұртшылықты есепке ала отырып, Қазақстан үшін мемлекеттік қолдауды сақтап қана қоймай, оны арттыра түсу қажет», - деді министр.
Осыған байланысты, Асылжан Мамытбеков Қазақстан экономикалық одақтағы әріптес мемлекеттерден ауыл шаруашылығын қолдау деңгейінде әлдеқайда артта қалып отырғанын атап өтті. Егер Қазақстанда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау ЖІӨ-нің үлесінде 4 пайызды құраса, Ресейде - 8 пайыз, Беларусь елінде - 18 пайыз шамасында болып отыр.
«Сондықтан да, «Агробизнес - 2020» бағдарламасы қабылданған болатын. Осыған байланысты ауыл шаруашылығын қолдау деңгейі 2020 жылдарға қарай 4,5 есеге дейін артуы тиіс. Біз бұл бағыттағы саясатты одан әрі жалғастырамыз. Соның ішінде ауыл шаруашылығын қолдау барысында тиімділік ең бірінші кезекте болады. Яғни, субсидиялық саясатта тиімділікті арттыру көзделеді: тиімсіз субсидиялар қысқарып, ол қаражаттар субсидияның мейлінше тиімді бағытына қарай бөлінеді», - деді А. Мамытбеков.