АШМ: Астық дақылдарының аурулары 2,4 млн гектарға таралуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда астық дақылдарының ауруы шамамен қандай көлемде тарайтынды белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астық дақылдарының ауруларға шалдығу аумағы 2,4 млн гектар жерге жетеді деп болжанып отыр. Республикалық бюджет есебінен 1,6 млн. гектар немесе болжамды көрсеткіштің 65 пайызы (2,5 млрд. теңге) өңделеді. Оның ішінде Ақмола облысында - 569 мың гектар, Қостанай облысында - 478 мың гектар, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында 517 мың гектар алқап қамтылады»,-деді Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.
Оның сөзіне қарағанда, бөлінген бюджет қаржысы әрқашан орта есеппен алғанда 60-65 пайыз жерді қамтитындығын ескере отырып, облыс әкімдіктері фермерлермен бірлескен егістерді аурулардан қорғау шараларын ұйымдастыруы қажет.
Бұдан бөлек Айтуғанов шегірткеге қарсы алқаптарды өңдеу жұмыстары жоспарланған барлық жерде жүргізілетінін атап өтті.
ҚР АШМ мәліметінше, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға артық. Егін егу жұмыстарын әртараптандыру аясында сұранысы жоғары дақылдарды егетін алқаптар 1 млн 348 мың гектарға ұлғайтылды.