АШМ астық қабылдау орындарының дайындығына жіті назар аударатын болады

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі 214 астық қабылдау кәсіпорындарын тексеріп, түгендеп шықты.

АШМ астық қабылдау орындарының дайындығына жіті назар аударатын болады

Ол бойынша элеваторлардың биылғы егін орағынан құйылатын астықты қабылдауға дайындығы бақылауға алынатын болып, бұл бағытта мүдделі органдарға, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, аймақтық органдардың инспекторлары тексерістер барысында астықты кептіру шараларына баса назар аударып, қамба зиянкестерін зарасыздандыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру мәселелерін ерекше қадағаламақ.

«Егінді жинау жұмыстары үшін дизельді отынмен толық қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тауып отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін 405 мың тонна жанармай жеңілдікпен берілді. Бұндағы баға литріне 76 теңгені құрайды және бұл көрсеткіш орташа бөлшек саудадағы бағадан шамамен 10 теңгеге немесе 11 пайызға төмен», - делінген баспасөз айғағында.

Ірі шаруа қожалықтары үшін облыстарда операторлар анықталып, бекітілді. Қазіргі күні келісім-шартттар жасалынып, жоспарға сәйкес төленген шілделік көлемдер жөнелтіліп жатыр. Шілде айында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 36,0 мың тонна жанар-жағармай жөнелтілген.