АШМ басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сатып алу және сату бойынша хабарландыру беретін тегін газеттің болмауына кейістік танытты
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сатып алу және сату бойынша хабарландыру беретін тегін газеттің болмауына кейістік танытты.
«Біз талдау жасай отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің хабарландыруды ешқайда бере алмайтындығына көз жеткіздік. Ондай ресурс жоқ. Мәселен, машина сатқысы келген адам мамандандырылған газетке хабарландыру береді, ондай басылымдар көп. Пәтерін сатқысы келгендер де осылай істейді. Оларда таңдау бар. Ал өзінің пиязын, картобын немесе малын сатқысы келгендерге мамандандырылған басылым жоқ, ол үшін ақша алады», - деді ол бүгін «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен жиын барысында.
Бұл орайда А.Мамытбеков пен «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның басқарма төрағасы Айгүл Ахметжанова Ө.Шөкеевке «Электрондық сауда жүйесі» сайтын таныстырды. Айта кетерлігі, аталған жүйе ауыл шаруашылығы тауарларын көтерме бағамен сатып алу және сатуды жүзеге асыратын хабарландыру тақтасы ретінде жұмыс істеп тұр. А.Ахметжанованың атап өтуінше, сайттың танымалдығы күннен күнге артып келеді, қазірдің өзінде мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі ұялы телефондар үшін жүйенің веб-нұсқасын ашуға уәде берді.
Дегенмен, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары халықтың басым бөлігі үшін интернетті пайдалану әлі де қол жетімсіз болып отырғандығын ескеріп, арнайы газет шығаруды ұсынды.