АШМ дайын өнім шығаратын кәсіпорындарға барынша көмек беруді көздейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі өнім өңдеу кәсіпорындарының нақты картасын жасап шықты. Соның аясында мемлекеттік қолдауға ие болатын нысандар да анықталды.

 АШМ дайын өнім шығаратын кәсіпорындарға барынша көмек беруді көздейді

 Осылайша, агроөнеркәсіп саласында импортты азайтып, отандық тауарлардың санын барынша арттыру жоспарланып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Арнайы жұмыс тобы ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өңдеуді жан-жақты зерделеп шықты. Төрт ай бойы кәсіпкерлер, ғалымдар, министрлік пен жергілікті билік өкілдері барлық өнеркәсіп орындарын аралады. Мәліметтер жинап, сауалнама жүргізді. Әрбір кәсіпорынның өнім өңдеу көлемін, теxникалық жағдайын сараптап шықты. Соның негізінде өңдеу кәсіпорындарының базасы жасақталды. Бүгінде республика бойынша ондай нысандардың саны 1 345-ті құрайды", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Алайда қазіргі импорттық тауарлардың көлемін ескере отырып, өнім өңдеудің нақты 9 бағыты анықталды. Аталған бағыттар бойынша 435 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде сүт, ет, қант қызылшасы, картоп, майлы дақылдар, бидай, көкөніс, тері мен жүн өңдеу орындары бар. Дәл осы салаларда жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау жасалмақшы. Ауыл шаруашылығы министрлігі оларға өз өнеркәсіптерін жаңартуға, сондай-ақ жаңа кәсіпорындарды салуға жеңілдетілген несиелерді беруді ұсынып отыр.

"Аталған бағыттар бойынша берілген несиелердің мөлшерлемесін субсидиялауға болады. Мәселен, сыйақы ставкасын төмендету бойынша субсидияны 4 пайыздың көлемінде бекіту туралы ұсыныс бар. Оған 24,1 млрд теңге қажет. Несие ставкасын арзандатуға арналған субсидияны 10 пайызға дейін беруге болады. Осы мақсатқа 38,1 млрд теңге керек. Ал жаңа кәсіпорындар мен ескі өнеркәсіптерді жаңарту шараларына тағы 50 млрд теңге қажет болады. Жалпы, өңдеу кәсіпорындарының Картасын толығымен іске асыруға төрт жылда 112,1 млрд теңге кетеді", - деп атап көрсетті Асқар Мырзаxметов.