АШМ құны 2,7 трлн теңге инвестициялық жобаны бастады

АШМ құны 2,7 трлн теңге инвестициялық жобаны бастады
Фото: 7-su.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа инвестициялық жобаларды іске асыра бастады. Жоба 5 жылға арналған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

«Бүгінгі конференцияда ТМД министрліктері деңгейінде еліміздің инвестициялық ахуалы мен ерекшеліктері туралы презентация жасалды. Ал жалпы бизнестік ұсыныстар мен жобаларды мемлекеттер өзара B2B кездесу өткізу арқылы іске асырады. Елімізде 800-ден астам инвестициялық жоба қолға алынды. Жобаның жалпы құны 2,7 трлн теңге және ол 5 жыл бойы іске асырылады. ТМД елдерінің бизнес өкілдері инвестициялық жобаларға қатысамыз десе, біз ашықпыз, барлық қолайлы жағдайды жасауға дайынбыз», - деді Ербол Тасжүреков Астанада өткен ТМД елдерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлер конференциясынан кейін Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Вице-министрдің айтуынша, жоғарыда аталған инвестициялық жобалардың ішінде мал шаруашылығы, өсімдік саласы мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру де бар.

Айта кетейік, бүгін Астанада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлер конференциясы өтті.

Соңғы жаңалықтар