АШМ құс тұмауынан шығын көрген шаруаларға қанша теңгеден беруі мүмкін
«Бір құстың бағасы Статистика комитетінің ақпаратына байланысты болады. Бізде тамыз айында берілген мәлімет бар. Қыркүйек айының мәліметі қазан айының 2 немесе 3-кезеңінде белгілі болады. Жалпы құстың шығынына байланысты қанша ақша төленетіні туралы мәлімет әр айдың 10-15-і беріліп тұруы керек. Бірақ біз Статистика комитетімен келісіп, ертерек анықтап берейік деп отырмыз. Мал иелері құсының есебі туралы шаруашылық кітабын дайындап, шығын бойынша ақпаратты беру үшін құжаттарын дайындап отыр», - деді Тұрсын Қабдолданов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысы тамыз айында шаруалардың шығыны (құс тұмауынан емес) тауық бойынша 800-1200 теңгеден өтеліп бергенін хабарлады. Қаз бен үйректің бағасы одан қымбатырақ төленеді.
«Мәліметтердің бәрін алғаннан кейін комиссия мүшелері өздері отырып, құстың басына және түріне қарай бағаны айқындайды», - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тұрсын Қабдолданов мемлекет қандай жағдайда құс тұмауынан қырылған құстар бойынша шаруа иесінің шығынын өтеп беретінін түсіндіріп берген болатын.