АШМ мен еліміздің 6 облысы арасында өңірлерді азықтық астықпен қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойылды

АСТАНА. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада Ауыл шаруашылығы министрлігі мен еліміздің 6 облысы және Астана қаласы арасында өңірлерді азықтық астықпен қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойылды.
None
None

Меморандумға қол қою рәсімі барысында сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Парламенттің 4-ші сессиясының ашылуында Елбасының Үкіметке нан бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға тапсырма бергендігін атап өтті. «Сол тапсырмаға сәйкес, біз кеше түнде астық өндірмейтін өңірлермен меморандумға қол қойып келдік. Меморандумның негізгі мақсаты әр жақтың, әрбір құқықтық органның міндетін анықтау. Біздің, «Қазагро» ұлттық компаниясы «Азық-түлік» корпорациясының міндетті - тиісті деңгейде, тиісті көлемде өздеріңіздің сұраныстарыңызға байланысты астықпен қамтамасыз ету», деді министр өз сөзінде.

Сонымен қатар ол астық бағасының тұрақты болатындығын жеткізді. Оның атап өтуінше, 1 тонна астық 180 доллар, яғни 26500 теңге сомасында жеткізілетін болады. «Болжам бойынша, әлі де әлемдік нарықта бидайдың бағасы қымбаттап, өзгеруі керек. Бірақ бұл баға нарыққа тәуелді емес. Әлемдік нарықта астық бағамы қандай болса да осы баға біздің ішкі нарықта сақталады. Бұл біздің міндетіміз, ал сіздердің міндеттеріңіз - меморандумға сәйкес, жеткізілген астықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету. Екіншіден, нанның бағасын тұрақты бақылап отыру. Осы мақсаттарды атқаратын болсақ, онда еліміздегі нан бағасын тұрақты ұстап отыруға мүмкіндігіміз болады. Яғни жылдың соңына дейін ішкі нарықтағы осы мәселе шешіледі», деп түйді сөзін А.Күрішбаев.

Министрдің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Алматы қаласы және Алматы, Жамбыл, ОҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарымен арада меморандумға қол қойылған. Ал бүгін аталған құжатқа БҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласы да қосылды. Осылайша бүгін республиканың барлық облыстарымен меморандумға қол қойған Ауыл шаруашылығы министрлігі ертеңнен бастап оның орындауға кіріседі.

Соңғы жаңалықтар