АШМ: Сиыр терісінің 84 пайызы босқа қалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова елдегі сиыр терісінің 16 пайызы ғана қажетке жаратылатынын айтты.
«Салада кейбір проблемалық мәселелер бар. Соның бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейінің төмендігі. Мысалы, сүтті өңдеу үлесі 52%, майлы дақылдарда – 45%, етте – 41%, дәнді дақылдарда – 30%, жемістер мен көкөністерде – 3%». Екінші мәселе – өңдеу кәсіпорындарының жүктелу деңгейінің төмендігі. Мысалы, ет өңдеу қуатының жүктелуі 54%, макарон өнімдерінде – 42%, ұнда – 36%, жармада – 23%, жүнде – 26%, теріде – 6,3%», - деді департамент директоры баспасөз мәслихатында.
Министрліктің ресми мәліметі бойынша, жыл сайын алынатын тері мен жүннің 84 пайызы қажетке жаратылмайды.
2023 жылы өндірілген 3,5 млн ірі қара терісінің тек 6%-ы (208 мың) өңделген, 10%-ы (348 мың) экспортталған, ал қалған 84%-ы (2,971 мың) өңделмей қалған.
Бұған дейін 26 қазаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өгізшелер мен тоқтыларды экспорттау квотасын бөлу қағидалары күшіне енетінін жазған едік.