АШМ Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс Қаржы полициясы органдарына қайтарылды

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Рябцевке қатысты қылмыстық іс  Қаржы полициясы органдарына қайтарылды.

АШМ Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс Қаржы полициясы органдарына қайтарылды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұған дейін бұл қылмыстық істі прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдағанына тоқталған ресми өкіл, «прокуратураның шешімі бойынша осы қылмыстық іс Қаржы полициясы органдарына қайтарылды», деді.

 Оның айтуынша, бұл әрекеттер аталған құқық қорғау органдарында қозғалған қылмыстық істерді өзара байланыстыру мақсатында жасалып отыр.

 Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Рябцев пен оның орынбасары Кеншімов мемлекеттік сатып алулар барысында қызмет өкілеттіктерін теріс мақсаттарға пайдаланып, мемлекетке 16,9 миллион теңге шығын келтірді деп айыпталған болатын.