АШМ ведомстволық бағынышты ұйымдарынан жалған қызметкерлер табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйымдарынан жалған қызметкерлерді анықтады.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайға сілтеме жасап хабарлады.
«2016 жылдың 21 қарашасында Астана қ. Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметі ҚР АШМ «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ қызметкерлеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Олар 2014 жылдан бүгінге дейін аталған мемлекеттік мекемеге заң жүзінде 15 адамды жұмысқа қабылдаған және жалақыларын алып отырған деп күдіктелуде», - делінген Facebook парақшасында жарияланған хабарламада.
Алдын ала болжам бойынша, келтірілген шығын 10 миллион теңгеден асады. Одан бөлек, аталған «қызметкерлер» атына қызметтік іссапарлардың жалған құжаттары табылды.
Осылайша, Республикалық өсімдіктер карантині орталығына тінту жүргізу барысында ресми тағайындалған тұлғалардың жұмысқа қабылдау туралы өтініш бланктері, іссапар куәліктері, мекеме басшысының мөрі мен қолы қойылған еңбек кітапшалары, карталық шот ашу туралы келісімшарттар және пластикалық төлем карталары табылды. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда және қорытындысы кейінірек жарияланатын болады.