АШМ жергілікті органдардың астыққа қатысты есепті дұрыс бермегенін анықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғарыштық мониторинг деректері мен жергілікті атқарушы органдардың бастырылған астыққа қатысы есептері арасында айырмашылық бар.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов мәлім етті.
«Бізде бес жылдан астам уақыттан бері астық бастырылған аумақтарды ғарыштан мониторингілеу бағдарламасы бар. Аталған ғарыштық мониторинг деректері мен жергілікті атқарушы органдардың беретін жедел есептері арасында айырмашылық бар. Республика бойынша айырмашылық 10-12 пайызды құрайды. 12 пайыз бұл шамамен 2 гектар алқапты құрайды», - деді ол.
Комитет басшысының сөзіне қарағанда, бүгінгі күні республикада жалпы сақтау сыйымдылығы 14,1 млн. тонна 215 астық қабылдау кәсіпорыны жұмыс істеуде.
«Астық қабылдау пункттеріне 5,1 млн. тоннаға жуық жаңа егін астығы келіп түсті. 4,4 млн. тоннасы бидай. Сақтауға алынға 4,2 млн. тонна жұмсақ бидайдың 80 пайыздан астамы 3 сұрыпты», - деді С.Қасенов.