Ашық далада және фитнес орталықтарда жаттығу кезінде нені ескеру керек
«Ашық аспан аясында спортпен шұғылдану кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырмау мақсатында жаттығушылар арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтық сақталуы қажет. Жаттығу кезінде байланыс жасаудан аулақ болу керек, спорттық жабдықтарды (кілемшелерді) пайдаланғаннан кейін жуып, дезинфекциялау қажет», - деп кеңес берді Гүлнар Мадимарова.
Сонымен қатар, ол фитнес-орталықтардың жұмысы қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді. Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, спорттық-сауықтыру орталықтары infokazakhstan.kz порталы арқылы нысанның дайындығы туралы хабарлама беріп, комиссияның оң қорытындысын алғаннан кейін өз қызметтерін қалпына келтіре алады.
«Фитнес орталықтарға қойылатын талап, 1 адамға 5 шаршы метр орын болуы тиіс. Бұл орталыққа келушілер саны 50% -дан аспайды дегендік. Орталық жұмысын алдын ала жазылу бойынша ұйымдастыру керек. Спорт жабдықтарын, тренажерлерді кемінде 2 метр қашықтықта орналастыру шарт. Топтық сабақтар кезінде белгілер қою арқылы оқушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтауды қамтамасыз ету қажет. Жалпы алғанда, жаттығу кезінде спортшылар арасындағы өзара қарым-қатынасты азайту керек. Бактерицидті шамдар мен ауа рециркуляторларын қолданған жөн», - деді Гүлнар Мәдимарова.
Сондай-ақ, ол келушілерге коронавирус инфекциясын жұқтырудың алдын алу мақсатында, әр 2 сағат сайын оқу-жаттығу процесі өткізілетін жұмыс орындары мен ғимаратты желдету қажет екенін атап өтті. Ғимараттың ауданына байланысты қызметкерлердің клиенттермен тікелей байланысын барынша азайту, спорт сабақтарын өткізуді қоспағанда, келушілердің маска тағып жүруін қамтамасыз ету керек.
«Өндірістік және тұрмыстық ғимараттарға әр 3 сағат сайын ылғалды санитариялық тазалау жұмыстарын жүргізу міндеттеледі. Атап айтқанда, есіктің тұтқалары, электр сөндіргіштерді, сүйеніштерді, спорттық жабдықтарды, үстелдерді, орындықтарды, киім ілетін орындарды, тамақтану, демалыс бөлмелерін, санитарлық бөлмелерді міндетті түрде дезинфекциялау қажет»,– деп қортындылады эпидемиолог.