Ашық диалог: Атырау облысының әкімі ҮЕҰ-лардың түйіткілдерін тыңдады
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдерімен кездесті. Үш сағатқа созылған шарада мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен өзара әрекеті мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір облыста 120-дан астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді. Кездесуде қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту жайы сөз болды. ҮЕҰ өкілдері облыста азаматтық қоғам институтын дамыту мен қолдау бағытында жүргізілген шаралар туралы баяндады. Қоғамдық ұйымдардың өкілдерін экология, цифрландыру, ұлттық құндылықтарды сақтау, білім беруді дамыту мәселелері толғандырды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев азаматтық қоғам институты өкілдерінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жайлы барлық тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Ашық диалог барысында ҮЕҰ жұмыстарындағы проблемалар, мақсаттар мен келешегі туралы сындарлы сұқбаттасу болды.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдардың санының көбеюімен бірге азаматтық белсенділік артып келе жатқанын атап айтты. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне оң ықпал етеді. Кездесуді ұйымдастырушылар үкіметтік емес ұйым өкілдерін жақында құрылған азаматтық орталықпен белсенді әрекетте болуға шақырды. Орталықтың мақсаты - ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар арасында өзара байланысты ұйымдастыру, аталған ұйымдардың жұмыс сапасын арттыру.
