«Ашық диалог» бағдарламасы жаңа форматта шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дәурен Абаевтың қатысуымен шыққан «Ашық диалог» бағдарламасы көрерменге жаңа форматпен қайта жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа форматтағы бағдарламаны аты да сәл өзгеше – «Ашық диалог 2.0» деп аталады. Эфир жазбасы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың парақшасында жарияланды. Алғашқы шығарылымда «Ирина Кайратовна» тобының «VДудь» бағдарламасына қатысуы туралы да әңгіме өрбіген.
«Бұл олардың құқығы. Елдегі билікті сынап жүрген алғашқы адамдар емес олар. Өркениетті әлем үшін қалыпты жағдай. Әрине, мен кейбір тезистермен келіспеймін, кейбіреулерімен ішінара келісемін. Жалпы, көптеген дұрыс нәрселер айтылды. Бұл үшін оларға тек қол соғуға болады. Ең бастысы – жігіттердің ел тағдырына немқұрайлы қарамауы. Бұл біздің жаңа мәдени толқынымыздың жақсы белгісі деп ойлаймын», - деді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар, ПӘ басшысының орынбасары әлі де журналистермен кездесуге және олардың сұрақтарына жауап беруге дайын екенін жеткізді. Сөзінің соңында ол бағдарламаның толық нұсқасы интернетке жарияланатынын айтты. Бірақ мерзімін нақты атаған жоқ.
«Біз бұқаралық ақпарат құралдарына әрдайым ашықпыз. Тағы бір нәрсе, мені қазір ешқайда шақырмайды, мүмкін сұхбаттың болмауы осыған байланысты шығар. Бірақ Президент әкімшілігіндегі жұмыстың сипаты үкіметтен біршама ерекшеленетінін жоққа шығару ақымақтық болар еді. Алайда, осауалдар туындап жаста, оның ішінде журналистер тарапынан болса, мен өз құзыретімнің шеңберінде сұрақтарға жауап беруге дайынмын», - деп түйіндеді Дәурен Абаев.