Ашық диалог: Саран қаласының әкімі жаңа форматта есептік кездесу өткізді

САРАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі Ержан Темірхановтың есеп беру кездесуі ресми баяндамаларсыз, трибунадан сөйлемей және статистикалық деректерді қағаз арқылы оқымай, ерекше өтті. Қаланың одан әрі дамуы туралы ашық және түсінікті диалог болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық диалог: Саран қаласының әкімі жаңа форматта есептік кездесу өткізді

Кездесу алаңы ретінде жаңа спорт манежі таңдалды. Саран қаласының тұрғындары балалармен бірге келе алды. Олар үшін бояулар, қарындаштар мен текшелері бар арнайы аймақ ұйымластырылды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қозғалыс еркіндігі мен қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Медициналық пункт жұмыс істеді.

Әңгімеге тұрғындар қашықтықтан да қатыса алды. Әлеуметтік желілерде және Aitube.kz платформасында тікелей эфир өтті.


Әңгіме мен пікір алмасуда әркім өзін толғандырған мәселені көтере алды. Тұрғын үй алу, жолдарды жөндеу, орталық жылу көзіне қосылу, көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа нысаны - қарапайым серікестік (ҚС) және мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) көшу, газға қосылу және тарифтер мәселелері талқыланды.

Ыңғайлы болу үшін мұнда жеке «бөлімдер» құрылды. Тұрғындар бірден мамандарға жүгініп, негізгі стратегиялық бағыттар бойынша жауап ала алды. Мысалы құрылыс (нысандар, пәтер кезегі), коммуналдық шаруашылық (жылу, су және электрмен жабдықтау, жолдар, аулалар, саябақтар), әлеуметтік мәселелер (денсаулық сақтау, білім беру қызметтері, әлеуметтік төлемдер белгілеу), бизнесті дамыту.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, 350-ден астам адам өздері үшін және қала үшін маңызды мәселелерді талқылауға келді. Тағы үш мың адам желіге қосылды.

Осындай форматтағы кездесулер тұрақты негізде өткізілетін болады.