«Ашықтық - ақиқат айнасы» - республикалық қазақ басылымдарына шолу
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 19-ы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Ресей басшысымен екі кездесу келісілді» деген қысқа хабарда «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев телефон арқылы сөйлесіп, алдағы кездесулер жайын талқылағанын жазады. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің Аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Орынборда жоғары деңгейде өтетін алдағы кездесудің күн тәртібін, сондай- ақ екі жақты қарым - қатынастарды дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылаған.
«Өткен жылы су тапшылығын сезінген диқан қауымының биылғы жылдан да қауіптенгені рас. Алайда, бір күні жылға азық болатын қысылтаяң шақта облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың тікелей бастамасымен мол су лимитін бөлдіруге қол жеткізді. Бұған қосымша, табиғат та қарасып, көктемде жауын-шашын көп болды. Сөйтіп биыл облыс диқандары мол егін екті», - деп жазады ауыл шаруашылығы саласына көз жүгірткен «Егемен Қазақстан» тілшісі Еркін Әбіл «Дайындық ойдағыдай» деген мақаласында.
«Еліміздің қазіргі сот жүйесі тақырдан пайда болған жоқ, оның да өзіндік қалыптасу, іздену, өсу жолы бар. О баста адалдық пен туралықты ту етіп тіккен әділдіктің ақордасы бүгінде белгілі бір сара жолға түсіп, бет алысын айқындап, асқар таудай айшықталып қалды».
Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ашықтық - ақиқат айнасы» тақырыбындағы сұхбаты еліміздің сот жүйесінің тыныс-тіршілігі, алда тұрған міндеттері турасында өрбіген.
***
«Қазақ елін жаһандық күйзеліс жасыта алмаған. Министрлер Кабинетінің биылғы жартыжылдықты қорытындылауға арналған кешегі кеңейтілген жиында ел үкіметі Қазақстан экономикасының қалпына келу кезеңіне аяқ басқандығын ресми жариялады. Мәсімов үкіметінің масаттанатын жөні бардай: АҚШ сынды алпауыт пен Еуродақтың апайтөс елдері әлі рецессия құрдымынан шыға алмай жатса, ал еліміз өрлеуге бет алған екен», -дейді Айқын» газеті. Бұл турасында аталған басылымның бірінші бетіндегі «Мәсімов Үкіметінің масаттанатын жөні бар» деген мақалада егжей-тегжейлі жазылған.
Айқын» газетінің «Ақ сөйле» айдарында тілші Гүлбаршын Айтжанбайдың Қазақстанның Катар мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Азамат Бердібаймен « Катар - «Нұр-Астана» Ислам орталығының құрылысына ақысыз грант бөлген ел» атты сұхбаты да қызықты жайттардан хабар береді.
«Қазақстанға келіп, елдің көрікті жерлерін тамашалап, қазақтың жерімен танысқысы келетіндер турфирмалардың қызметіне жүгініп жатпайды. Оның себебі де бар, туристік қызмет көрсету рыногы Еуропа немесе Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен салыстырғанда өте қымбат», - деп жазады «Айқын» «Туристік агенттікті айналып өтеді» деген мақалада. Газет елімізге келетін туристер турагенттіктерден гөрі, тіл білетін адамдарды жалдап, қыдырғанды тиімді санайтынына назар аударған.
***
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды», дейді «Алтын орда» апталығының бірінші беттегі мақаласы. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды десек те, бекіренің бабын ойлайтын да шақ жетті»,- деп ескерте жазған мақала өзекті ой тастайды.
«.... Жарық дүниенің шуағына жылынып үлгірмей, апақ - сапақта фәниден бақиға асығыс аттанып кетті. Ата анасының көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұл қапияда қаныпезер қарақшының қолынан қаза тапса, не жынды су ішіп есірген жүргізушінің дөңгелегінен мерт болса, оның арты орны толмас өкініш болар...»
Апталықтың осылай ашына жазылған «Таразыға тартылмайтын қасірет» атты мақаласы мектеп оқушыларының арасындағы қайғылы оқиғаны баяндайды.