Ашықтық деңгейі ең төмен және ең жоғары жергілікті бюджеттер анықталды - зерттеу нәтижесі
АЛМАТЫ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда бюджет үрдістерін бағалау саласының сарапшылары республикалық зерттеу жүргізу нәтижесінде жергілікті бюджеттердің ашықтық индексін жасап шығарып, оның нәтижесін бүгін Алматыда өткен арнайы
баспасөз мәслихатында жариялады және осы индексті мемлекеттік органдар қызметін бағалау жөніндегі мемлекеттік жүйеге ықпалдастыруды ұсынды.
Естеріңізге сала кетсек, бұл бастаманы өткен 2011 жылдың басында Қазақстанның ұлттық бюджеттік желісі қолға алып, оған Сорос-Қазақстан қоры қолдау көрсетті. 2010 жылы Сорос-Қазақстан қоры бюджеттің ашықтық индексінің тұсаукесерін өткізіп, сол жылы ҚР Қаржы министрлігі баршаға түсінікті болатын Азаматтық бюджетті жариялау жөнінде шешім қабылдады. Негізінен ұлттық бюджеттердің ашықтығы мен тиімділігін саралауға бағытталған индекстерді енгізу идеясын алғаш рет Халықаралық бюджеттік серіктестік ұсынып, 2010 жылы осындай өлшемдерді жергілікті деңгейдегі бюджеттерге қатысты өткізу қажеттілігін түсіне отырып, пилоттық жоба ретінде әлемнің 10-ға жуық елінде мұндай индексті жасау ісін қолға алған болатын. Қазақстан қаржылық және өзге де себептерге байланысты осы жобадан тыс қалса да, Сорос-Қазақстан қоры өздігінше осындай зерттеуді жүргізу бастамасына қолдау көрсетті.
Сорос-Қазақстан Қорының бағдарламалар директоры Аида Айдарқұлованың айтуынша, Жергілікті бюджеттердің ашықтық индексі 2011 жылы Қазақстан Республикасының барлық 16 әкімшілік-аймақтық бірлігінен жиналған зерттеу мәліметтерінің негізінде жасалған. Оның нәтижесінде орташа республикалық көрсеткіш 100 балдың ішінен 50 балды құрап отыр. Бұл көрсеткіш «орташадан төмен» деген деңгейге сәйкес келеді. «Барынша ашық бюджеттер Атырау және Қызылорда облыстарында (63 балл) байқалды. Ашықтық деңгейі ең төмен жергілікті бюджеттер Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында (37 және 32 балл) анықталды. Осы зерттеудің қорытындысы бойынша республикалық маңызға ие Алматы қаласы 100 балдың ішінен 57 балды жинады. Алматының бюджет ашықтығы индексі бюджет жобасын әзірлеу кезіндегі ашықтық (51 балл), бюджет үрдісінің ашықтық деңгейі (62), бюджет туралы ақпараттың ашықтығы (59) секілді параметрлердің негізінде анықталды», - деді Аида Айдарқұлова.
Оның пікірінше, Индекс жерігілікті басқару органдарын ақпаратты және есепті берудегі ашықтық деңгейін арттыруға ынталандырып, қай аймақтар өз азаматтарына бюджет үрдісіне қатысуға көбірек мүмкіндік беретінін анықтауға көмектеспек. «Сондай-ақ, Индекс жергілікті билік органдарының қызметін бағалауға арналған пәрменді құралға айналып, тиімді бюджет саясатын қалыптастыруға жағдай жасайды», - деп есептейді ол.
«Алынған көрсеткіш жергілікті биліктің ашық ақпарат көздерінде жарияланатын қаржы қызметі және бюджет туралы ақпаратына қолжетізуге болатынын дәлелдейді, яғни қала тұрғындарында жергілікті мемлекеттік басқару органдары облыс қаржысын қалай жұмсайтынын бақылау және бюджет үрдісіне қатысу мүмкіндігі бар екенін білдіреді», - деді «Намыс» Жоғары білімі бар мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы Қайрат Иманалиев.