Ashyq: Аутсайдер кәсіпкерлер саны 3,8 мыңды құрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ashyq» талаптарына бағынбаған субъектілер жобадан уақытша шығарылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ashyq: Аутсайдер кәсіпкерлер саны 3,8 мыңды құрады

«Өткен екі аптаның нәтижесі бойынша чекиндердің «нөлдік» саны бар аутсайдерлер саны 3,8 мың бизнес субъектілерін құрады, «-20» чекиндері бар аутсайдерлер саны 6,2 мыңға жетті. Олар QR алғанымен, келушілерді тіркемегендер. Ведомствоаралық комиссия шешімімен «Ashyq» жобасының талаптарына бағынбаған субъектілер мониторингілік топтардың тексеруінсіз-ақ жобадан шығарылады. Осылайша, 10 мыңнан аса бизнес субъектілері жобадан уақытша алынып тасталады», - деді Нариман Әбілшайықов.

Оның атап өтуінше, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, аутсайдерлер алғашқы кезде 1 аптаға, қайталанған жағдайда 2 аптаға және 3-ші бұзушылық анықталған жағдайда 1 ай мерзімге жобадан шығарылады.

«Бұл талап кәсіпкерлер жобаға қайта кірген кезде келушілерді шынайы түрде тіркеуге бағыттайды», - деді ол.