Ashyq: Нұр-Сұлтанда үй карантинін бұзған 3,1 мың адам анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Ashyq» қосымшасы арқылы үй карантинін бұзған үш мыңнан астам адам анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Ashyq» қосымшасымен жұмыс істейтін нысандарда жоба енгізілген сәттен 7 маусымға дейін үй карантинін бұзған 3140 адам анықталды, оның ішінде 1436 науқас және 1704 байланыста болған адам бар. Ал 101 келуші «қызыл/сары» мәртебесі бола тұра мекемеге бірнеше рет келген. Үй карантині режимін бұзған адамдармен оқшаулау режимін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-мен ауыратын науқастар мен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық қағидаларды бекітті.

Нұр-Сұлтан қаласында 1049 кәсіпкерлік субъектісі «Ashyq» жобасы аясында жұмыс істеу үшін QR-код алған.

Айта кетейік, мамыр айының басымен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққандағы апталық сырқаттану көрсеткіші 210-нан 110-ға дейін төмендеді. Бір аптада СOVID-19 бойынша 1315 жағдай тіркелді, сырқаттану көрсеткіші алдыңғы аптадан 18%-ға төмен.

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова COVID-19 бойынша тұрақсыз жағдайға байланысты отбасылық және бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салды.



Соңғы жаңалықтар