Ashyq-ты 4 миллионнан астам қазақстандық белсенді қолданады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ashyq жобасына 2 332 нысан қатысуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы қаласы ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салтанат Лесбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ashyq-ты 4 миллионнан астам қазақстандық белсенді қолданады

Спикердің айтуынша, Қазақстан аумағында 10 932 бизнес субъектісі Ashyq жобасына тіркелді. Сондай-ақ 524 кәсіпкер өтінім берген. Қосымшаны 4 млн қазақстандық белсенді қолданады. Оның басым бөлігі – Алматы тұрғындары. Сарапшылар күніне шамамен 200 мың сканерлеуді есептейді.

«Бүгінде жоба Қазақстан бойынша «қызыл» мәртебесі бар 5 088 және «сары» мәртебесі бар 4 998 келушіні анықтады. Бұл 3 маусымдағы нәтижелермен салыстырғанда 3 107 келушіге көп. Жоба өз тиімділігін көрсетті. Әсіресе әуежайдағы жұмыс өнімді», – деді Салтанат Лесбаева.

Бұған дейін, ол Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында «қызыл» статуспен 252 жағдай, Алматы әуежайында 171 адам тіркелгенін айтқан болатын.