Асылдың мұраты асыл: Өскемендік оқушы комикс арқылы Алаш ардақтыларын насихаттап жүр

дарынды оқушы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

Асыл Сұңғатқызы Өскемендегі №3 мектепте тоғызыншы сыныпта оқиды. Суретші қыз осы қараша айында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Батыр Баян» поэмасы желісімен сурет сөз альбомын жарыққа шығарды. Бұл - оның үшінші туындысы. Осыған дейін «Алаш көсемі», «Ер Төстік» комикстері оқырманға жол тартқан. Асылдың алдағы мақсаты – интернетте балаларға арналған қазақ тілді контент қалыптастыру, деп хабарлайды Kazinform.

Бала күнінен сурет салғанды жақсы көретін Асыл Сұңғатқызы кітапқа да үйір. Қазақтың классик ақын-жазушыларынан бөлек, шетелдік туындыларды да оқып тұрады.

оқушы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

Осы екі қырын ұштастырған оқушы 2 жыл бұрын комикс шығаруды қолға алған.

— Ең әуелі Әлихан Бөкейхан туралы «Алаш көсемі» атты комикс альбом шығардым. Жұмысты бастамас бұрын Алаш қозғалысы жетекшісінің өмір жолымен, ел үшін еткен еңбегімен жан-жақты танысып шықтым. Әлбетте, өмірін ұлтына арнаған тұлғаның жүріп өткен жолын шағын альбом арқылы толықтай жеткізу мүмкін емес. Десе де мына технология дамыған заманда оқырманға қандай да ақпаратты шағындап, суретпен беру тиімді деп ойладым, — дейді Асыл.

Комикс альбомда Әлихан Бөкейханның өмір жолына қысқаша шолу жасалған. Мәтіндері де ықшамдалып берілді.

дарынды оқушы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

Кез келген оқырман аз уақыттың ішінде альбомды парақтап шығып, ұлт үшін құрбан болған Алаш ардақтысының өмір жолымен танысып шыға алады.

— Екінші комиксім — «Ер Төстік» ертегісі. Бұл ертегі шытырман оқиғаға толы болғандықтан таңдадым. Одан кейін алашордашылардың сөздерін жасөспірімдерге насихаттау үшін «стикер пак» жасадым. Бұл — жапсырма қағаз. Онда қанатты сөздер, өлең жолдары жазылды. Жастар «стикер пакты» телефонына немесе ноутбугіне жабыстырып қоя алады, — дейді суретші.

Айта кетерлігі, оқушы қыз комиксті қаламмен емес, платшет бетіне графикалық сурет ретінде салады. Бұл заманауи әдісті меңгерген қылқалам шеберлері өте аз.

— Биыл Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы болғандықтан оның «Батыр Баян» поэмасы желісімен сурет сөз альбомын шығаруды ұйғардым. Тұсаукесері А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында өтті. Бұл туындыға 7 айға жуық уақыт кетті. Әр суретті асықпай салып, сапалы дүние шығарғым келді. Кейіпкерлердің киімін заманауи қылып, ашық түстерді таңдадым. Осы орайда жол нұсқап, ақыл айтып жүретін жетекшім — суретші, журналист Мерей Қайнарұлына алғысымды білдіремін, — дейді Асыл Сұңғатқызы.

Ш.Уәлиханов атындағы № 3 мектеп-лицейінің 9 «Д» сынып оқушысы алда қай салаға бет бұратынын әлі нақты таңдаған жоқ.

комикс
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

Бірақ сүйікті хоббиіне айналған сурет өнерін өмір жолында серік еткісі келеді.

Келешектегі мақсаттарының бірі — интернетте балаларға арналған қазақ тілді контент қалыптастыру.

Суреттері тек комикске емес, мультфильмге де айналуы мүмкін.

Асылдың сынып жетекшісі Айнұр Серікқызы шәкіртін мақтан тұтатынын жеткізді.

— Асыл — тек біздің сыныптың емес, мұқым мектептің мақтанышы. Үнемі оның жетістіктеріне қуанып, тілеулес болып отырамыз. Тәрбиелі, мәдениетті, оқуда озат. Оң қолыма айналды десем де болады. Мен жоқ кезде сыныпқа бас-көз болады. Сыныптастарының бәрі оны қатты сыйлайды, айтқанына құлақ қойып тыңдайды. Болашақта Асылдан елге танымал мықты азамат шығатынына сенемін! , — дейді ол.

комикс
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар