Асырап алған отбасылар баланы қандай себеппен кері қайтарады
Қазақстанда асырап алған баланы араға уақыт салып кері қайтарып беру фактілері аз емес, деп хабарлайды Kazinform.
«Асырап алған баланы қайтару фактілері ішінара болады. Балаларды қайтару себептері әртүрлі, мәселен патронаттық ата-ананың ауыр дертке шалдығуы, отбасылық қиындықтар (ажырасу, жақын адамдардың, ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуы), психологиялық үйлесімсіздік, тағы сол сияқты. Мұндай жағдайлардың мүмкіндігінше аз немесе мүлдем болмауын қамтамасыз ету үшін 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап бала асырап алушылар міндетті психологиялық-педагогикалық даярлаудан өтеді», — деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігі Kazinform сауалына.
Бүгінде «Ана үйі» қоғамдық қоры асырап алушы ата-аналарды психологиялық даярлауды жүзеге асырады және оларға құқықтық көмек пен психологиялық-педагогикалық консультация ұсынады.
Ведомствоның ұсынған мәліметке сәйкес ұйымдардың жетім балаларды қазақстандық азаматтардың отбасыларына орналастыруға жәрдемдесу жөніндегі қызметі заңмен бекітілген.
«Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға психологиялық көмекті білім беру ұйымдары да жүргізеді. Асырап алынған балалардың 57% — ұлдар, 43% — қыздар. Бала құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартылған ата-аналар туралы статистикалық деректі құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен алуға болады», — деп түсіндірді министрліктен.