Асқар Мамин: Архив маңызды құжаттарды сақтаушы ұлттық ресурстар қоймасына айналды
Қазір елордадағы Елбасы кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына мен Қазақстан Республикасы ұлттық архивінің 15 жылдығына арналған «Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.
Аталған шараның ашылу салтанатында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Ұлттық архивтің 15 мерейтойына орай құттықтау сөзі оқылды.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайлас келген 15 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде мемлекет тарихының деректі ескерткіші, құндылықтар қазынасы саналатын Ұлттық архив Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Және архив тарихи, ғылыми, экономикалық, саяси маңызды құжаттарды сақтаушы ұлттық ресурстар қоймасына айналды. Жас мемлекеттің жаңа тарихын мазмұнымен байытып келе жатқан елеулі оқиғалардың шежіресін жинау, еңселі егемендігіміздің әрбір сәтін болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру, көздің қарашығындай сақтап қалу – сіздер атқарып жатқан изгілікті іс екені сөзсіз», - делінген А. Маминның құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы отандық архив мамандарына шығармашылық табыс тіледі.
«Отандық архив ісі саласын жетілдіру, құжаттық мұраны сақтаумен қатар шетелдік әріптестермен тығыс қарым-қатынас орнатып, халықаралық ынтымақтастықтың дамуына қомақты үлес қосып келесіздер. ҚР Ұлттық архиві ұжымына өзімнің және ҚР Үкіметінің атынан толағай табыс тілеймін. Еліміздің егемендігін ұлықтайтын жобаларды жүзеге асырып, Тәуелсіздігіміздің асыл қазынасы саналатын архив құжаттарын саф алтындай сақтап, құнды деректермен толтыра беретіндеріңізге сенім білдіремін. Осындай ерекше, маңызды күні сіздерге жаңа шығармашылық жетістіктер, игі бастамаларыңызға табыс тілеймін», - дейді Премьер-Министр.
Айта кетсек, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға елімізден бөлек, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Ресейден архив өкілдері мен мамандары қатысып жатыр.
Аталған шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен ҚР Ұлттық архиві ұйымдастырып отыр.