Асқар Мамин: Қазақстандық өндірушілерді қолдау мәселесі Үкіметтің жіті назарында
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-министр Асқар Мамин отандық өндірушілерге көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сіздердің ДСҰ ережелеріне сәйкес отандық өндірушілерді қолдауға қатысты депутаттық сауалдарыңызға қарай отырып, мынаны хабарлаймын: Өтпелі кезеңнің аяқталуы және Қазақстанның ДСҰ-ға толыққанды қатысуы қарсаңында ішкі нарықты дамыту мен қорғау байыпты көзқарас пен тиімді шешім қабылдауды қажет ететін өзекті мәселелердің біріне айналуда», - деді Асқар Мамин депутаттардың сауалына берген жауабында .
Үкімет басшысының хабарлауынша, осыған байланысты 2020 жылдың 6 қазанында Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрлігінің алаңында мүдделі органдар мен ұйымдардың қатысуымен Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жағдайында реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту бойынша кеңес өткен. Оның қорытындысы бойынша жұмыс тобы құрылып, жергілікті қамтуды дамытуға және қазақстандық өндірушілерге әлемдік интеграциялық процестер аясында қолдау көрсетуге бағытталған ұсыныстар мен балама тетіктер әзірленген.
«Отырыс барысында «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының жергілікті қамтуды дамыту бойынша ұсыныстары, атап айтқанда «жергілікті қамту» терминін бейтарап сипатқа ауыстырып, баламалы тұжырымдаманың қолданылуын әмбебаптыққа бейімдеп, «ел ішіндегі құндылық» атауы түсінігіне ауыстыру мәселесі қолдау тапты. Сондай-ақ, бұл терминді «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасының әзірленген тұжырымдамасында заңнамалық тұрғыда бекітіп, квазимемлекеттік секторды «мемлекеттік мақсатта» санатына қайта сатып алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл қадам отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі шараларды халықаралық қауымдастықтың орынсыз назарын аудармай-ақ әзірлеуге және жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Премьер-министр.
Үкімет басшысының хабарлауынша бүгінгі таңда жұмыс тобы жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған ұсыныстар мен баламалы механизмдерді әзірлеуде. Ол туралы Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрлігі жыл соңына дейін хабарлайды.
«Жалпы отандық өндірушілерді қолдау мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында», - дейді Асқар Мамин.