Асқар Мамин ҚР Хоккей федерациясы президенті лауазымына қайта сайланды

А. Маминнің кандидатурасына есептік-сайлау конференциясы қатысушыларының барлығы бір ауыздан дауыс берді. Олар оның басшылығымен хоккей жүйелі түрде дамып, барынша танымал болғанын атап өтті. Дауыс берер алдында ҚР бірінші вице-премьері ҚХФ мақсаттары мен міндеттерін айтты.
Ұлттық команда алдына әлемдік хоккей элитасына оралу және орнығу міндеті қойылды. Ақтау, Ақтөбе, Тараз, Орал, Шымкент, Қызылордада мұз айдындары мен модулдер салу, хоккей балалар-жасөспірімдер бөлімшесін ашу жоспарлануда. Президент әйелдер хоккейінің географиясын кеңейтуге, әйелдер командалары арасында ҚР толыққанды чемпионатын өткізуге ниетті.
Сондай-ақ, Халықаралық хоккей федерациясына Қазақстанда түрлі деңгейдегі әлем чемпионаттарын өткізу ұсынысын енгізу жоспарлануда. Дауыс бергеннен кейін А. Мамин ҚР-да хоккейді дамыту үшін бар күш-жігерін салуға уәде берді, ол қойылған мақсаттарға жету үшін бірлесіп, жұмылып жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Асқар Мамин ҚХФ-ны 2008 жылғы қазаннан бастап басқарып келеді. 2012 жылғы қыркүйекте екінші төртжылдық мерзімге сайланды. 2016 жылғы қыркүйекте Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2008 жылғы сәуірден бастап 2016 жылғы қыркүйек аралығында «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басқарды.