Асқар Мамин министрлер мен әкімдерге нақты тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин министрлер мен әкімдерге нақты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асқар Мамин министрлер мен әкімдерге нақты тапсырма берді

«Жалпы жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатын болады», - деді Асқар Мамин.

Осыған байланысты Премьер-Министр бірқатар министрлік пен әкімдерге нақты тапсырмалар берді.

«Бірінші - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері әкімдіктермен бірге барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыспен қамтуды жандандыруда нақты шаралар қабылдасын. Екінші - өңірлердің әкімдіктері бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың барлық көрсеткішіне қол жеткізуді қамтамасыз етсін. Үшінші - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктердің жоспарланған индикаторларға, әсіресе азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру бөлігінде қол жеткізген нәтижелеріне сапалы талдау мен мониторинг жүргізсін. Ералы Лұқпанұлы, бақылау өзіңізде», - деді Үкімет басшысы орынбасары Ералы Тоғжановқа қарата.