Асқар Мамин Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын тексерді
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары халықаралық Шымкент әуежайын аралап көрді. Оны жаңғырту жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.
«Шымкент республиканың маңызды өнеркәсіп, туристік және мәдени орталықтарының бірі. Сондай-ақ, еліміздегі тұрғындары миллионнан асатын үшінші қала саналады», - дей келіп Асқар Мамин Мемлекет басшысының өңірдің дамуына ерекше көңіл бөліп отырғандығын атап өтті.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі Бағдарламасы аясында Шымкент ірі агломерациялық орталықтардың бірі болып саналады. Осыған байланысты қала мен өңірді қоса алғанда, көлік инфрақұрылымының дамуына қажетті зор әлеуеттің бар екендігі көзге көрініп тұр», - деді А. Мамин.
Шымкент әуежайы еліміздегі жедел дамып келе жатқан әуежайлардың бірі. Биылғы 9 айда жолаушылар айналымы 600 мың адамға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскендігі байқалды.
Кеңес соңында А. Мамин ҚР ИДМ-ға әуежай инфрақұрылымын дамытудың түпкілікті нақты ұсынысын әзірлеу мәселесін тапсырды.
Көліктік-логистикалық орталықты қарау барысында А. Мамин құрғақ, климаттық қоймада болып, жүк контейнерлері терминалының, «Оңтүстік» индустриялық-логистикалық аймағының жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда КЛО құрылысының 80 пайызы орындалған. Жобаны биылғы жыл аяғында тапсыру жоспарланып отыр. Контейнерлік терминал жылына бір миллион тонна жүк өңдеуге әлеуетті. Терминалда бір мезгілде 1600 ТEU тауар сақтау мүмкіндігі бар. Тәулігіне бір мың паллет жүкті түсіріп, тией алады. Жылына 300 мың тонна жүк өңдейді.
Бұдан соң, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин «Агро V» кірпіш зауытында болып, өнім шығарудың технологиялық үдерісін көзбен көрді.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы 529,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Биылғы жыл басынан бері тұрғын үй құрылысына 41,1 млрд. теңге инвестиция құйылған. Биылғы 9 айда 461,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға жоғары көрсеткіш.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары жұмыс сапары барысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің Шымкент-Ташкент телімі құрылысы барысымен танысты. Жалпы ұзындығы 99 шақырым болатын телім құрылысын 2017 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы салынған бөлігі 418 шақырымды құрайды.