Асқар Мамин «Росатом» корпорациясының басшысын қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Росатом» корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Асқар Мамин «Росатом» корпорациясының басшысын қабылдады

«Атом саласындағы ынтымақтастық біздің елдеріміздің арасындағы екіжақты қарым-қатынастарда маңызды орын алады. Бүгінде бағыттардың кең спектрі бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді А. Мамин.

Қазақстанда 5 қазақстандық-ресейлік бірлескен уран өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді: «Заречное» БК АҚ, «Қаратау» ЖШС, «Ақбастау» БК» АҚ, «ОТХК» БК» ЖШС, «Хорасан-U» БК» ЖШС. 2018 жылы олар 8427 тонна уран (ҚР-да уран өндірудің барлық көлемінен 38,8%), осы жылдың 9 айында – 6645,8 тонна уран өндірді.

Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын жүзеге асыру барысын, соның ішінде уранды өндіру және байыту, ғылыми-техникалық және инновациялық даму саласындағы, сондай-ақ Атом Қуаты Халықаралық Агенттігімен Төмен байытылған уран банкі бойынша өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.