Асқар Мамин су бойынша тарифтік саясатты жетілдіруді тапсырды
«Мынадай мәселелерге назарларыңызды аударғым келеді. Бірінші, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету және биылғы жыл қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын. Екінші, Ұлттық экономика министрлігі Индустрия, Экология министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, су пайдалануда цифрлық технологияларды енгізуді қоса алғанда, қажетті инвестициялық шығындарды ескеріп, су бойынша тарифтік саясатты жетілдіру мәселесін пысықтасын», - деді Асқар Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы Индустрия министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауылдарда сумен жабдықтау объектілерін салу кезінде бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Және Индустрия министрлігі елді мекендерді сумен жабдықтаудың интерактивті картасын жаңартсын, оған тұтынушылармен кері байланыс функциясын қоссын», - деді А. Мамин.
Бұған дейін Асқар Мамин сумен жабдықтау саласын автоматтандыруды және инновациялық технологияларды арттыруды тапсырған еді.