Асқар Мамин Жапония елшісімен ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет үйінде Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тацухико Касаиды қабылдады. Бұл туралы ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Асқар Мамин Жапония елшісімен ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. 2018 жылы ҚР мен Жапония арасындағы тауар айналымы 54% артып, 2 млрд долларды құрады.

Инвестициялар, ауыл шаруашылығы, технологиялар, инновациялар салаларындағы Қазақстан мен Жапонияның экономикалары арасындағы синергия перспективалары қаралды. Тараптар аталған бағытта екі елдің кәсіпкерлерінің іскерлік байланыстарын тереңдетудің және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер іздестірудің алаңына айналатын Қазақстан - Жапония бизнес форумын өткізу мүмкіндігін талқылады.

ҚР Үкіметінің басшысы стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды мәнін атап өтіп, Қазақстанның технологиялық даму саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға деген қызығушылығын растады. Бұл өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады және екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін береді.