Асқар Мамин жөндеуден өткен Петропавл әуежайында болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Асқар Мамин жөндеуден өткен Петропавл әуежайында болды

Ол әуежайда терминал жұмыстарымен танысты. Бұл жердегі жөндеу жұмыстары 2016 жылы аяқталған. ҚР Үкіметінің резервінен бөлінген 7 млрд теңгеге ұшып-қону жолағының төсемі жақсартылды, сондай-ақ кеңейтіліп, ұзартылды. Жермен жүру жолдары мен перрон қайта жөнделіп, жарықпен сигнал беретін құрылғы орнатылды, бұған қоса барлық инженерлік коммуникациялар алмастырылды, аэровокзал үшін рентген-телевизиялық тексеру құрылғысы сатып алынып, видеокамералар орнатылды.

Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Петропавлдың халықаралық әуежайы кез келген санаттағы әуе кемелерін қабылдай алады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Аймақаралық ынтымақтастық форумының өтуіне байланысты әуе кемелерінің тұрағын 2-ден 6 орынға кеңейту қажеттілігі бар.

«Әуежайдың балансында тұрған арнайы техника ескірген. Біз әуежайдың жүктемесі бойынша компаниялармен келісіп жатырмыз. Жаңа 7 техника қажет», - деп атап өтті өңір басшысы.

Асқар Мамин тұрақты кеңейту және арнайы техника сатып алу мүмкіндіктерін қарастыруға уәде берді.

Биыл өңірдегі әуежайға алып баратын тасжолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған 985 млн теңге жұмсалмақ. 

Петропавлдағы әуежай 1974 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 

null