Асқар Мырзахметов: Экономиканың аграрлық секторы тұрақты даму қарқынын сақтап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіп кешенінің ағымдағы жағдайын баяндады.

Асқар Мырзахметов: Экономиканың аграрлық секторы тұрақты даму қарқынын сақтап отыр

«Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы экономиканың аграрлық секторында дамудың тұрақты ырғағының сақталып отырғанын көрсетуде. Айталық, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 2,7%-ға артты», - деді ол өз сөзінде. 

Сондай-ақ, министр еліміздегі мал шаруашылығы саласының былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілегенін атап өтті.

Оның айтуынша, мал басы 3,4%-ға көбейген, мал шаруашылығы өнімдері өндірісі 2,7%-ға артқан.

Ал көктемгі далалық жұмыстардың ырғақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Далалық жұмыстарды несиелеу, сондай-ақ егін егу науқанын жанар-жағармай материалдарымен уақтылы қамтамасыз ету мәселелері шешілді. «Жедел деректерге қарағанда, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 21,6 млн. га құрады. Бұл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 448,2 тыс. га көп. Оның ішінде, дәнді дақылдар 15,2 млн. га егіліп, 280 мың га құрады», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, оның хабарлауынша, көктемгі егіс науқаны барынша қысқа агротехникалық мерзімде жүргізілген.

 «Ағымдағы жағдайды ескере отырып, өткен жылғыдан кем емес деңгейде өнім аламыз деген ойдамыз. Бұл еліміздің астыққа деген ішкі қажеттілігін өтеп қана қоймай, 7,0-7,5 млн. тонна көлемдегі экспорттық әлеуеттің сақталуына жол ашады», - деп атап өтті А. Мырзахметов. 

«Есептік мерзімде азық-түлік өндірісінің артқаны байқалуда: жарма - 73%, ұн - 20%, өсімдік майы 6%, кілегей - 59%, шұжық тағамдары - 11 %, қышқыл сүт өнімдері - 5%, ірімшік пен сүзбе өндірісі - 2%», - деді ол.