Асқар Мырзахметовке ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру тапсырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттырумен айналысуға тапсырма берді. Бұл жайында ол бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үшінші съезінде айтты.
«Ауыл шаруашылығы еліміз үшін табыс әкелетін бағыт болып табылады. Азық-түлік өнімдері әрдайым сұранысқа ие екені белгілі. Біз сіздермен бірге екі жыл бұрын азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын талқылаған болатынбыз, қаржы бөлінді. Министрлік осы жұмыстармен банктер айналысқанын айтуда, ал банктер клиенттерді қайта несиелендіргенін алға тартуда. Атап айтқанда, көптеген себептермен ілгерілеушілік болған жоқ», - деп тоқталды Үкімет басшысы.
Осы ретте К. Мәсімов орынбасары Асқар Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелерімен бірлесе ауыл шаруашылығында халықтың еңбек өнімділігін арттыру мен отандық тауарларға сұранысты жоғарылату тұрғысында ұсыныстар әзірлеуі тиіс екенін атап өтті.