Асқар Жұмаділдаев, Ләззат Ералиева, Такир Балықбаев Ұлттық ғылым академиясының вице-президенттері болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенттері тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев академияның «Жер, Ғарыш және коммуникациялар туралы ғылым» бөлімшесінің төрағасы ретінде жұмыс тобымен бірлесіп отандық ғылымды ілгерілетуге атсалысады.


Асқар Жұмаділдаев – белгілі қазақстандық математик-ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі.

Бұған дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылымының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13-шақырылымының депутаты қызметін атқарған.

Асқар Серқұлұлы математика және ғылым саласындағы жетістіктері үшін көптеген марапат пен грант алған. 1983 жылы ғылым және технологиялар жөніндегі республикалық кеңесші сыйлығына ие болды. 1993-1995 жылдар аралығында америкалық математикалық қоғамның, Халықаралық ғылыми қорының (Сорос қоры) және ИНТАС-тың (бұрынғы КСРО ғалымдарымен ынтымақтастықты дамытудың халықаралық қауымдастығы) гранттарын иеленген. 1995-1996 жылдары оған Александр фон Гумбольдт стипендиясы тағайындалды. 1999 жылдан 2004 жылға дейін ол Швеция корольдік Ғылым Академиясының және JSPS (Жапонияның ғылымды дамыту қоғамы) гранттарын жеңіп алды. Сондай-ақ 2000-2003 жылдар аралығында ИНТАС грантының және 2000-2004 жылдар аралығында көрнекті ғалымдарға арналған Қазақ мемлекеттік стипендиясының иегері болды. 2007 және 2016 жылдары оған ҚР Білім Министрлігінің «Жоғары мектептің үздік профессоры» гранты берілді. 2011-2012 жылдары көрнекті ғалымдарға арналған Қазақ мемлекеттік стипендиясын алды. 2011 жылы оған ғылым және технологиялар саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. 2012 жылы Иран Ислам Республикасында Халықаралық Хорезми сыйлығын алды.

2016 жылы Асқар Серқұлұлы «Ел түлғасы» ұлттық жобасының «Ғылым» номинациясының номинанттарының бірі ретінде таңдалды. Бұл жоба есімі елдің жетістіктерімен байланысты Қазақстанның аса маңызды азаматтарын іріктеуге бағытталған. Асқар Серқұлұлы 350 000-нан астам дауыспен қолдау алып, өз санатында 2-ші орынға ие болды.

Асқар Жұмаділдаев отандық ғылымды дамытуда белсенді. Оның физика-математика ғылымдары саласындағы мол тәжірибесі мен білімі Қазақстанда ғылыми зерттеулерді ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев ҚР ҰҒА «Агробиоресурстар және экология» бөлімшесінің жұмыс тобының төрағасы болып сайланды.


Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. 2001 жылы А.И. Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, 2006 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2008 жылы елорданың қалыптасу кезеңіндегі белсенді қызметі үшін «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалін, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалін иеленді. 2012 жылы Ақылбек Қажығұлұлы айрықша еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бұл тағайындау оның ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесін және Қазақстанның орнықты дамуы мен экологиялық тұрақтылығына ықпал етудегі маңызды рөлін анықтайды.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Ләззат Тасболатқызы Ералиева «Өмір және денсаулық туралы» ғылымдар бөлімшесінің жұмыс тобының төрайымы ретінде отандық ғылымның дамуына үлес қосады.


Профессор, медицина ғылымдарының докторы Ләззат Тасболатқызы 2013 жылдан бастап «Медицина ғылымдары» секциясы бойынша Ресей жаратылыстану академиясының (РЖА) корреспондент-мүшесі. «Еуразиялық жұқпалы аурулар қоғамы» халықаралық қоғамдық ұйымының, «Еуропалық микробиология және жұқпалы аурулар қоғамының» және Қазақстанның педиатрия және вакцинология бойынша қоғамдық қорларының мүшесі, иммунизация бойынша Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары.

Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері үшін Ләззат Тасболатқызы 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі», 2021 жылы «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және 2022 жылы «Халық алғысы» мемлекеттік медалімен, сондай-ақ 2017 жылы ҚР БЖҒМ Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ол 150-ден астам мақаланың, 2 ұлттық нұсқаулықтың, монографиялар мен әдістемелік нұсқаулықтардың, сонымен қатар 4 өнертабыс патентінің авторы.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Такир Оспанұлы Балықбаев академияның «Білім және азаматтық қоғам туралы ғылым» бөлімшесінің жұмыс тобымен бірлесіп отандық ғылымның дамуына атсалысады.


Такир Оспанұлы – физика-математика ғылымдарының кандидаты және педагогика ғылымдарының докторы, сондай-ақ, өз саласында айтарлықтай тәжірибесі бар профессор. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ ҚР мерейтойлық медальдарын иеленді. Ол Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің құрмет грамотасымен, ҚР БҒМ «Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі үшін» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Ресейдегі кәсіптік білім беруді қолдау қорының А.Г.Небольсин атындағы сыйлығының лауреаты. 2018 жылы оған «Парасат» ордені берілді.

Ол Қазақстандағы білім және ғылым саласына елеулі үлес қосқан құрметті және танымал ғалым. Әдістемелік және оқу құралдарының, сондай-ақ, «Студенттер контингентін қалыптастырудың педагогикалық және технологиялық негіздері», «Ұлттық бірыңғай тестілеу: алғашқы нәтиже» («Қазақстан Республикасының білім сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесі: даму принциптері мен перспективалары»), «Оқыту нәтижелерін өлшеудің әдістемелік негіздері» сияқты монографиялардың авторы.


Соңғы жаңалықтар