Асқар Жұмағалиев «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі құрылысы жағдайымен танысты
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі құрылысы жағдайымен танысты. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
Қазақстанның оңтүстігінде қазіргі таңда 228 шақырым жолында жұмыстар аяқталды. Биыл Шымкенттен Жамбыл облысының шекарасына дейін 80 шақырымға созылған тағы екі учаскеде жұмыстар басталды. Күн райының қатаңдылығымен, әсіресе тұман мен боран салдарынан қатты жел және көру мүмкіншілігінің төмен болуымен белгілі Шақпақ-ата асуына аса көңіл бөлінді. Аймақтың осындай ерекшеліктерін ескере отырып, осы учаскеде қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін Автомобиль жолдары комитеті Құрылыс және ТКШ істері комитетінің келісуі жағдайында туннель салуды жоспарлап отыр. Жамбыл облысын алсақ, қазіргі кезде Батыс Еуропа-Батыс Қытай жобасы бойынша 283 шақырым жолында жұмыстар аяқталған. Министр осы дәліз құрылысымен бірге қанағатсыз жағдайдағы басқа да республикалық жолдарды қарап шықты. Атап айтқанда, 80-ші жылдары салынған Мерке-Шу-Бурылбайтал учаскесі күні бүгінге дейін толық жөндеуден өтпеген. Министрдің айтуынша, осы жол бағытында келесі жылы салқын ресайклдеу технологиясын қолданумен жөндеу жұмыстары өткізіледі. Бұл технология жол жабындысына жаңа материалдарды қосу арқылы оны қайта қолдану мүмкіндігін беретінін белгілеген жөн. Министр жол жөндеу жұмыстарын бітіргеннен кейін жүк салмағы көп көліктер қозғалысын шектеу мақсатында электрондық таразыны құру жөнінде тапсырма берді. 209 шақырым ұзындыққа созылған «РФ шекарасы (Екатеринбург қаласы) - Алматы» автомобиль жолының Күрты-Бурылбайтал учаскесін жөндеу де жоспарланған. «Осы учаскені құрастыру бойынша жоба-смета құжаттамасын әзірлеу жұмыстарын біз келесі жылы бастамақпыз, содан кейін бірден құрылыс жұмыстарын жүргіземіз», - деді министр Асқар Жұмағалиев. Ол асфальтті бетонды жабындысы мен тосқауылды қоршауы бар төртжолақты жол болады. Келесі жылы Қызылорда-Жезқазған автожолын қайта жаңғырту жұмыстары басталатынын атап өткен жөн. Осылайша жөндеу жұмыстары оңтүстік және солтүстік аймақтарды қосатын үш жолда басталады.