Асқар Жұмағалиев: Қазақстанда төртінші GSM-оператордың іске қосылуы - саладағы тағы бір маңызды оқиға

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда төртінші GSM-оператордың іске қосылуы - саладағы тағы бір маңызды оқиға. Бүгін ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев «Алтел» компаниясы интонациондық LTE/GSM/UMTS желісін таныстырғаннан кейін мемлекеттік орган басшыларының ресми блог-тұғырнамасында осылай мәлім етті.

Асқар Жұмағалиев: Қазақстанда төртінші GSM-оператордың іске қосылуы - саладағы тағы бір маңызды оқиға

«Бүгін жаңа GSM-операторының іске қосылуына арналған шараға бара жатып, соңғы жылдары ұялы байланыс саласында орын алған оң өзгерістерге ой жүгірттім. Қызмет бағасы бірнеше есе арзандады, лимитсіз тарифтер ұсыныла бастады, интерконнект мөлшерлемесі 40-45 % төмендеді, секундтық тарифтеуге толық көштік, 3G және 4G байланыс қызметтері енгізілді. Нарыққа төртінші GSM-операторының келуі байланыс саласындағы маңызды оқиғалардың бірі. Жаңа ойыншы аталған саладағы бәсекелестіктің артуына, қызмет сапасының жақсаруына, тарифтің төмендеуіне ықпал етеді»,-деді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, келесі жылы байланыс операторын ауыстыру кезінде телефон нөмірін өзгертпеуге мүмкіндік беретін жаңа қызмет (MNP) сынақтан өткізілмек. Жаңа қызметті іске қосу "Ақпараттық Қазақстан -2020» бағдарламасына енгізілген. Бұл қызмет мобильді байланыс нарығындағы бәсекелестікті дамытуға кезекті рет ықпал етпек.

«Абоненттің телефон нөмірін ауыстырмай келесі бір операторға ауыса алатынын ескерсек, компаниялар арасында клиент үшін таластың күшейе түсетіні белгілі. Бұл кезде тариф мөлшері мен қызмет сапасына басымдық берілетін болады»,-деп атап өтті А. Жұмағалиев.

Атап айтқанда, ведомство тарапынан 2014 жылы Астана мен Алматы қалаларында ұялы байланыс желілерінің қолжетімділігіне, дауыс дыбыстарының берілу сапасына кезекті рет талдау жұмыстары жүргізілуде. «Талдау нәтижесіне сәйкес, байланыс операторларына базалық станциялардың санын көбейту, ұсынылып отырған қызмет сапасын жақсарту, желілерді ретке келтіру секілді өз ұсыныстарымызды беретін боламыз. Бұған қоса, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің жаңа редакциясы жобасына пайдаланушыларға байланыс қызметін ұсынып отырған байланыс операторларын жауапкершілікке тартатын норма енгіздік. Жоғарыда айтып өткен шаралардың барлығы байланыс саласының дамуына оң әсер етеді деген сенімдемін»,-деп түйді агенттік төрағасы.