Әскер қатарына шақыру науқаны басталды
Оған Елбасы қол қойған «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2010 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығы негіз болып отыр.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен басқа да әскери басқарма органдарының қызметкерлері үш ай бойы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жоспарға сәйкес, биылғы көктемде Қазақстанның Қарулы күштерінің қатарына 6 мыңнан астам азамат әскери қызметке шақырылады, бұл былтырғы көктемгі науқанмен салыстырғанда 10 пайызға аз. Бұл, ел басшылығының армияны әрі қарай кәсібилендіру жөніндегі жоспарына байланысты келісімшарт бойынша қызметке алынатын әскери қызметкерлердің қатарының көбеюмен байланысты.