Әскер қатарына жарамдылық енді компьютерлік тест арқылы анықталмақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл әскер қатарына шақырылғандардың жүйке-психикалық тұрғыдан әскерге жарамды-жарамсыздығы тұңғыш рет компьютерлік тест арқылы анықталады. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық әскерге шақырылғандар жиналатын пунктте өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Омар Айтқазин мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, енді жастарды әскер қатарына қабылдау кезінде олардың жарамды-жарамсыздығына адами фактор әсер ете алмайды.

«Тұңғыш рет «Ақсұңқар» деп аталатын психодиагностикалық кешен сатып алынды. Ең бастысы, әскерге шақырылғадарды тексеруде адами фактор алынып тасталынды. Өйткені, психологтар әскерге шақырылғандармен әңгіме жүргізу барысында әр түрлі кедергілерге ұшырауы мүмкін, тіпті қорқып қалулары да ғажап емес.Сондықтан, биыл күзгі шақырылым науқанында осындай компьютерлік тестілерді қолданып жатырмыз. Жастардың психологиялық ахуалын толығымен компьютер анықтайтын болады», - деді О. Айтқазин.

«Ақсұңқар» деп аталатын психодиагностикалық кешенді қазақстандық мамандар ресейлік мамандармен бірлесе жасаған.

«Жаңа тест биыл күзгі шақырылым барысында тұңғыш рет қолға алынды. Ол 44 әдістемеден тұрады. Біз нақты екі әдістеме бойынша жұмыс істейміз. Олар «Болжам 2» және «Бейімділік» деп аталады. Олар әскер қатарына шақырылғандардың жүйке-психологиялық ұстамдылығын, әскерге дайындығын анықтауға бағытталған. Мысалы, «Болжам 2» әдістемесі 86 сұрақтан, ал «Бейімділік» сауалнамасы 165 сұрақтан тұрады. Онда әскерге шақырылған азаматтың жүйке жүйесі, психикалық ахуалы мен моральдық күйі, коммуникативтік қабілеті мен тұлғалық бейімделу әлеуеті анықталады.

Бірінші тесті толтыруға 20 минут, ал екінші тестің сұрақтарына жауап беруге 40 минут уақыт беріледі. Тестердің қорытындысын толығымен компьютер өңдеп, қағаз бетіне шығарады. Ол тек қолбасшылық құрамға ғана арналған. Және құпия құжат болып есептеледі. Әскерге шақырылғандардың қолына берілмейді», - деді өз сөзінде Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің психологы, капитан Зухра Көбекова.

Айта кетелік, бұл құжат командирлер үшін тек ұсыныс ретінде. Соңғы шешімді қолбасшылық шығарады.

«Біз тест нәтижесі қолымызға тиген соң, оны зерттейміз. Әскерге шақырылған әрбір азаматпен жеке-жеке әңгіме өткіземіз. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге тырысамыз. Бұл жерде компьютерлік тест тек ұсыныстық сипатқа ие. Өйткені, қанша жерден мықты болғанымен компьютер адамның ішкі-дүниесіне, табиғатын толық мінездеме бере алмайды. Сондықтан, психологиялық жағынан жарамсыз деп табылған азаматты әскерге алу-алмау командирлердің жауапкершілігінде. Дегенмен, тест нәтижесі - біз үшін базалық шешім. Сондықтан, әскерге шақырылған азаматтың не үшін әскерге баруына бомайтындығы оған байыппен түсіндіріледі. Бізде тест арқылы әскер қатарынан қалып қойғандар көп емес. Мысалы, биыл көктемгі шақырылым кезінде 7 жігіт жүйке-психологиялық ахуалы бойынша әскерге жарамсыз болып шықты», - деді О. Айтқазин.

Айта кетелік, бұған дейін психолгиялық тест тек қағаз жүзінде жүргізіліп келген.

Соңғы жаңалықтар