Әскер жасындағы 50 мың қазақстандық шетелде жүр — Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауылда мұғалім болып жүрген әскер жасындағы азаматтар армияға шақырудан босатылатынын айтты.
— Әскерге шақырылатын азамат оқуда болса немесе ауылда мұғалім болса, жоғары білімнен кейін білім алғысы келсе, ондай азаматтар әскерден босатылады. Халыққа айтарым, өзінің әскери борышы туралы алдын ала мәлімет алғысы келгендер тұрғылықты жердегі әскери басқару органына келіп немесе GOV-тегі жеке кабинет арқылы әскери мәртебесін біле алады, — деді Қарулы күштері Бас штабының өкілі.
Оның сөзінше әскерге шақыру процесін цифрландыру көлеңкедегі азаматтарды жарыққа шығарған.
— Әскерге шақыру процесін цифрландыру бізге не берді? Қазақстандықтар ЖСН алғаннан кейін шетелге кетсе де, цифрлық жүйеде ізін көріп отырамыз. 2023 жылы әскерге шақыруға жататын 120 азамат болса, цифрландыру жүргізілгеннен кейін қосымша 50 мың жас қосылды. Себебі 50 мыңға жуық азаматымыз шетел асып, басқа жақта жүр, — деді Фархат Айдарбаев.
Сондай-ақ, ол әскерден жалтарғандар 1 жыл сотталуы мүмкін екенін ескертті.