Әскерден бас тартып жатқандар жоқ – Қорғаныс министрлігінің өкілі
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл әскери бөлімшелердің қажеттілігіне сәйкес және жауынгерлік дайындықты қолдау мақсатында мерзімді әскерге шақырылғандардың саны артқан. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков мәлім етті.
«Әскери бөлімшелердің қажеттілігіне сәйкес және жауынгерлік дайындықты қолдау мақсатында біз мерзімді әскерге шақырылатындар санын арттырдық. Әскерге шақырылып жатқан жөспірімдердің негізгі контингенті 18 жастан 23 жасқа дейін», - деді Фархат Айдарбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, журналистер Қорғаныс министрлігі өкілінен кейінгі уақытта әскери қызметшілер мен сарбаздар арасында өлім және суицид фактілерінің көбейіп кету факторы отан алдындағы міндетін өтеуге ниеттілерге әсері туралы сұрады.
«БАҚ-тағы жағымсыз ақпараттар әскерге шақыру сапасына әсер еткен жоқ. Әскерге шақыру жасындағы азаматтар өз бетінше келіп жатыр. Әскерден жаппай бас тарту немесе теріс пікір жоқ. Иә, әскерден жалтарушылар бар, бірақ олармен ішкі істер органдары жұмыс істеп жатыр, сол сияқты жергілікті атқарушы органдар да қамтамасыз етеді», - дейді ол.
Оның айтуынша, әскерден сотталған, отбасылық жағдайларға байланысты, оқу, денсаулық жағдайы тағы басқа себептермен босатылады.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі өкілі кәмелет жасына толған жастарды әскерге көшеден еріксіз алып кету заңды ма, деген сауалға жауап берді.