Әскерден келген жастарды 40-тан астам ЖОО тегін оқытуға дайын

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мерзімді әскери қызметін өткерген жастарды жеңілдік берілген тәртіппен 40-тан астам ЖОО оқытуға дайын. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, ҚР Қарулы күштерінің құралымдары қатарында мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар үшін ЖОО-ға түсудің жеңілдіктері қарастырылған.

«Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін енгізу бастамасын еліміздің 40-тан астам жетекші жоғары оқу орны қолдады», - деді Айгүл Төлембаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол тиісті келісім аясында ЖОО-лар 100 пайыз жеңілдік беретінін айтты.

«Атап айтқанда, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды оқыту үшін үш мың орын беру жөнінде келісімге қол қойылды», - деді министрдің кеңесшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сарбаздардың әскери қызмет аяқталғаннан кейін ҰБТ-ны ескерместен екі жыл ішінде ақылы негізде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігі бар.

Екіншіден, жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижеге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібімен ерекшеленген әскери қызметшілерге ҰБТ тапсырмай-ақ, ЖОО есебінен оқу құқығы беріледі.

Бұдан өзге, оқу орнының әскери кафедрасында емтихансыз тегін оқуға болады. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметін өтеп шыққандар қатардағы жауынгер болады.

Ал егер офицер шенін алғысы келсе, олар әскери кафедрада білім алып, лейтенант атанады.

Аталған жеңілдіктерді пайдалану үшін жастар тиісті құжаттарды жоғары оқу орындарына тапсыруы керек.


Соңғы жаңалықтар
telegram