Әскерге барудан жалтарып жүргендер 30 мыңнан асып отыр
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар туралы сұрақ қойды.
«Бұл тұрғыда қашып жүрген емес, іздестіріліп жүрген деп нақтылағаным дұрыс болар. Осы жылы іздестіруде жүрген азаматтардың саны 30 мыңнан асып жығылады. Ал былтыр 37 мыңнан астам болды», - деді Р. Тапашев.
Осы орайда ол жастарды әскерге шақыру пунктеріне жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін айтты.
«Оларды іздестіруге түрлі себептер әсер етіп отыр. Олар жұмыс бабымен тұрғылықты жерінен көшіп кеткенімен әскери есептен шықпайды. Сондықтан оларды іздестіруге тура келеді. Атап айтқанда, олар әскерге шақыру пунктеріне шақыру қағазы бойынша келмейді. Осы орайда бұл адамдардың тізімі жасалып, іздеу жүргізіледі. Олар - 18-27 жас аралығындағы әскерге шақыруға жататын жастар», - деді бас штабтың ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері.