Әскерге көшеден еріксіз алып кетсе, сотқа беруге бола ма – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамелетдинов жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге қатысты пікірін білдірді.
«Біз құқықтық мемлекет құру туралы айтып отырмыз, заң бар және барлық азамат оны орындауға міндетті. Нақты айтқанда, Конституцияның 36-бабына сәйкес, Отан алдындағы міндетті өтеу – парыз. Айталық, азамат салық төлемесе жауапқа тартылады, сондықтан әскери міндетті өтеу мәселесіне келгенде қос стандарт болмауы керек. Заң қатал, бірақ оны орындау қажет», - деді Сұлтан Қамелетдинов Мәжілістің жалпы отырысы барысында.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері министрдің бірінші орынбасарына жастарды әскерге көшеден еріксіз алып кетуге қатысты сауал қойды.
«Сіздің не айтып тұрғаныңызды білмеймін. Бізде бір құжат бар – әскерге шақыру қағазы. Сізде нақты факті бар ма? Соған жүгінейік. Біз құқықтық мемлекет құрып жатырмыз, егер ол оны заңсыз деп санаса, сотқа жүгінсін», - деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Таяуда ғана Қорғаныс министрлігінің өкілі жастарды әскерге көшеден немесе жұмыс орнынан алып кетуге қатысты түсінік берген еді. Олардың айтуынша, әскерге көшеден алып кету туралы көбінесе БАҚ және әлеуметтік желілерде тарайды.