Әскерге күзгі шақырылымның жөнелтуі жақында басталады - Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 қазаннан бастап, әскерге шақыру, «Күз-2015-тің» алғашқы жөнелтуі басталады. Алдын ала шақырылғандар 19 қазаннан бастап, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріне жөнелтіледі, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Әскерге күзгі шақырылымның жөнелтуі жақында басталады - Қорғаныс министрлігі

Қазір Қарулы Күштері, ҰҚК Шекара қызметі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімдері үшін әскери командаларды алдын ала қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Әскери бөлімдерді жасақтау экс-аумақтық және аумақтық қағидаттар бойынша жүзеге асырылады. Бөлу кезінде шақырылуға дейінгі болашақ сарбаздардың алған мамандықтары, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі.

1 қазанда елімізде күзгі шақыру кампаниясы басталғанын естеріңізге сала кетейік. Аудандық және облыстық комиссия шақырылушыларды медициналық куәландыруды, жеке істерді зерделеуді жүзеге асырады, ата-аналарымен түсіндірме жұмыс жүргізеді.

Осы күзде мерзімді әскери қызметке кейінге қалдырылуға немесе шақырылудан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 12 мыңнан аса қазақстандықты жолдау жоспарлануда. Олардың 4000-ға жуығы Қарулы Күштердің бөлімдерінде қызмет ететін болады.