Әскерге шақырту кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің қадамдары қандай
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов әскерге шақырту кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің қадамдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін биылғы көктемгі әскерге шақыру кезінде мерзімді қызметке әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «Электрондық үкімет» порталының «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсету аясында жүзеге асырылды. Көрсетілген мемлекеттік қызметтер жасау тәртібі туралы нақты ақпаратты еgov.kz сайтынан алуға болады немесе ол туралы арнайы әзірленген жадынаманы жақын жерде орналасқан кез келген жергілікті әскери басқару органдарынан аласыздар», - деді С. Жүсіпов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтунша, Қорғаныс министрлігі жұмысты бұрынғыдай кері байланысты көздейтін барынша ашық форматта жалғастырады. Әскерге шақырылушы және олардың ата-аналары, журналистер мен қоғам өкілдері өздеріне қажетті ақпарат алу үшін хабарласа алады және оларға жауап беріледі. Ол үшін әрбір Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде электронды пошта жәшіктері және әлеуметтік желіде ресми аккаунттар ашылды.
«Барлық ақша талап ету және басқа да сыбайлас жемқорлық көріністері бойынша жедел шаралар қабылдау, сондай-ақ туындаған жағдай бойынша кеңес алу үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің «Қарулы күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне жүгіну немесе сенім телефондарына хабарласу қажет», - деді Сәкен Жүсіпов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президентінің 2021 жылғы ақпандағы Жарлығына сәйкес, биылғы 1 қыркүйектен бастап күзгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталады. Жыл соңына дейін әскер қатарын 17 мыңға жуық жас жігіт толықтырады. Әскерге шақырылатындар ПТР зерттеуден екі рет өтеді.