Әскерге шақырылатындар екі кезеңдік медициналық куәландырудан өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылына екі рет Қазақстанда әскер қатарына шақыру науқаны басталысымен аудандар мен облыстық маңызға ие қалаларда, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында әскери есепке алынған азаматтардың санына қарай уақытша және тұрақты медициналық комиссиялар құрылады.
None
None

«Бастапқыда медициналық куәландыру аудандық және облыстық маңызға ие қалалар деңгейінде жүзеге асырылады, содан кейін облыстардың, Астана және Алматы қалаларының комиссиялары денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке алынбайтын азаматтарды әскерге шақыру жағдайлары орын алмас үшін бақылау куәландыруын жүргізеді», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

Атап айтқанда, азаматтардың Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға әскери қызметке жарамдылығын медициналық комиссия қолда бар нақты талаптарға сәйкес айқындайды. Әрбір әскерге шақырылушы соңғы бес жыл ішіндегі денсаулық жағдайы туралы мәліметтер көрсетілген медициналық құжаттарды комиссияға ұсынады. Әскери қызметті өткеретін орынға жөнелтілер алдында сарбаздар қорытынды тексеруден - ағзадағы есірткі заттардың болуына және ЖИТС-ке тексеруден өтеді.

«Ағымдағы жылдың көктемгі маусымында 18 бен 27 жас аралығындағы кейінге қалдыруға және босатылуына құқығы жоқ 15 мыңға жуық ер азамат мерзімді әскери қызметке шақыруға жататынын айта кеткен жөн. Соның ішінде ҚР Қарулы Күштері қатарына 4 мыңға жуық сарбаз шақыру жоспарлануда, қалғандары ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Ұлттық ұланы және ҚР ҰҚК Шекара қызметі әскери бөлімдеріне жіберілетін болады», - деп атап өтілген ведомство хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар