Әскери Ант бір-ақ тілде берілуі керек - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат -ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда маусымның 9-ы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Маусымның 7-сі күні Түркияда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің III саммиті ашылды.
Онда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің қазіргі төрағасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ұйымның болашақ төрағасы, Түркия Президенті Абдулла Гүл сөз сөйледі. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өз сөзінде Қазақстанда Азия кеңесінің халықаралық хатшылығы табысты жұмыс істеп жатқандығын, осы уақытта екі саммит өткізіліп, министрлер деңгейінде үш кездесу болғанын атап көрсетті. «Халықаралық және өңірлік ұйымдармен, форумдармен байланыстар орнатылған. «Азия кеңесі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесіне ие болды. Кеңес болашақта Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі толыққанды ұйымға айналу бағыты бойынша дамып келеді. Азия кеңесіне Иран мен Въетнамның мүше болып кіруімен, ал Бангледештің байқаушы мәртебесін иеленуімен құттықтаймын. Енді біздің форум, Азия құрлығының 90 пайызын және жер шары тұрғындарының тең жартысын құрайтын 22 мемлекеттің басын қосып отыр», деп атап көрсетті» деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Азия кеңесі - қауіпсіздік кепілі, тұрақтылық тірегі» атты мақалада. Осы мақаладан Мемлекет басшысының аталмыш жиында көтерген бастамалары жөнінде де мол мәлімет алуға болады.
«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған топ дүйсенбі күні Ұлан ауданының орталығы Молодежное кентіндегі «Өскемен құс фабрикасы» акционерлік қоғамына келді. Мұндағы «Еуразия» жобасының мақсаты - қазіргі өндірісті қалпына келтіру және жаңғырту жолымен өндірісті кеңейту, жаңа қуаттарды салу. Жобаның жалпы құны - 2,6 миллиард теңге. Бұл Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобасына енген. Үкімет басшысы К.Мәсімов облыс әкімі Б.Сапарбаевқа Елбасы Н.Назарбаевтың азық-түлік бағасын қымбаттатпай, халықтың жағдайын ойлау жөніндегі тапсырмасына назар аудару қажеттігін ескертті», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. «Келешегі кемел кенді Алтай» атты мақалада. Үкімет басшысының Шығыс Қазақстан облысындағы сапары барысында көтерілген мәселелер туралы осы мақаладан қанығуға болады.
***
«Әскери Ант бір-ақ тілде берілуі керек. Ол тіл - мемлекеттік тіл! Өкінішке қарай, әскери Ант екі тілде берілетін дүниежүзіндегі бірден-бір ел - Қазақстан, деп жазады «Айқын» басылымы «Тілсіз патриотизм бола ма ?» атты мақалада. Басылым осы материал арқылы қазақ тілінің әскер саласында қолданылуына байланысты үлкен мәселе көтерген. Ол туралы «Айқынның» бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылым «7 мың 200 бала «екілік алды» атты мақалада елде жүргізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу шарасының жүргізілу барысы жөнінде баяндайды. «Республика бойынша мектеп бітірушілердің ҰБТ сынағы жалғасып жатыр. Әзірге алғашқы үш күннің қорытындысын шығарған Білім және ғылым министрлігінің Тестілеу орталығы сынақтан өткендердің 11 пайызы шекті 50 балды да жинай алмай, құлап қалғандығын жария етті», деп жазады басылым. ҰБТ жұмыстарының барысында орын алған осындай қызықты жәйттер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санынан оқуға болады.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі нөмірінде интернет желісіндегі қалыптасқан мәселелер төңірегінде үлкен қызықты мақала жариялаған. «Қазақтілді интернет пайдаланушылардың сұранысы сұрапыл» атты мақалада автор интернеттің қоғам өмірінде алатын орны жөнінде баяндай келе мынадай мәселе көтереді. «Елімізде интернеттің кең қарқын ал алмай отырған салалары жеткілікті. Қазақстанда өзінің өнімі болып табылатын «іздестіруші» сайттар жоқ. Мәселен Google әлемге ортақ болғанымен, Ресейдің өзі ішінде жиі қолданылатын, тілдік ерекшеліктері ескерілген Яндекс сияқты сайт бізде жоқ. Бұдан бөлек қазақстандық пошталар мен қазақстандық әлеуметтік сайттардың ешбірі үлкен қарқынға ие бола алмай отыр. Қазақстандық интернет тұтынушылардың басым көпшілігі Mail.ru порталын пайдаланады», деп жазады мақала авторы.
Сондай-ақ осы нөмірінде «Алаш айнасы» «Гипертония жасарып келеді» деп дабыл қағады. Осы мақалада аурудың тарау салдары мен оған түрткі болып отырған мәселелер жөнінде баяндалаған. Сондай-ақ мақала авторы аталмыш мәселеге байланысты «Халықтың пайымы бойынша мәселенің мәйегі - медицина саласының деңгейінің төмендігінде. Олай деулерінің жөні де бар сияқты. Өйткені Жоғары палата отырысында Байқоңыр қаласы мен оның жанындағы Төретам, Ақай кенттерінің тұрғындары медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы келісімді ратификациялауға арналған заң жобасын талқылау барысында Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев еліміздің медицинасына «мешеу» деген диагноз қойған болатын. Егер министр солай десе, демек солай шығар», дей келе осы мәселеге байланысты білікті мамандардың пікірлерін ортаға сала отырып, қызықты мәліметтер келтіреді.
***
«Литер» басылымы бүгінгі нөмірінде «Временные трудности» атты мақала арқылыПетропавл қаласында ет бағасының екі есеге қымбаттағандығын айтып, жар салады. Басылымның мәліметтерінше, етті саудалаушылар арнайы жиын өткізіп, қалаға ет тасымалданбай жатқандығына байланысты өздерінің жұмыссыз қалғандығын айтып, зар илеп отыр. Саудагерлердің пайымдауларынша, жағдайдың бұлайша қалыптасуына негіз болып отырған басты себептердің бірі - малды арнайы белгіленген орындарда бауыздау жөніндегі талап.
***
«Казахстанская правда» басылымы «Гарант стабильности и мира» деген атпен мақала жариялап, онда Мемлекет басшысының Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуындағы рөлі мен орны жөнінде баяндайды. Мақала авторының пікірінше, бейбітшілік пен ынтымақтастық, қоғамдық келісім Қазақстанның алғашқы Президентінің маңызды әрі басты жетістіктерінің бірі. «Бұған Қазақстанда тұратын халықтар ғана емес, халықаралық ұйым өкілдері де дән риза. Себебі еліміз алғаш рет өз алдына дербес мемлекет болып құрылған сәтте этникааралық татулық жөнінде түсінік те жоқ болатын. Керісінше Кеңес Одағы құрамынан шыққан мемлекеттерде татулықтан көрі ұлтаралық қайшылықтардан келетін қауіп көп болды. Батыстың көптеген сарапшылары Қазақстанда да осындай қайшылықтар болуы мүмкін деген болжамдарын айтып жатты. Алайда олардың ешқайсысы да орындалмады» дей келе мақала авторы Елбасының мемлекет болашағы жолында атқарған істері мен оның бүгінгі елдегі және әлем алдындағы беделі жөнінде жан-жақты баяндайды.