Әскери барлаушылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен Әскери барлау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды mod.gov.kz.
Іс-шараға Қарулы Күштердің ардагерлері мен әскери барлау органдарының өкілдері қатысты. Құрылған сәттен бастап барлау институты басшылық етудің тиімді жүйесін, оның жауынгерлік органдарының дұрыс ұйымдастырылған түрде құрылуын, әртүрлі жауынгерлік іс-қимылдарды қамтамасыз етуде олардың нәтижелі қолданылуын әзірледі. Ақпараттық технологиялардың дамуымен әртүрлі барлау түрлері санының ұлғаюы байқалуда.
«Тәуелсіздік жылдары ішінде Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуімен Қарулы Күштері еліміздің берік қалқанына айналды. Бүгінде халықаралық шарттардың жойылуы, саяси тұрақсыз, терроризм актілері, әскери іс-қимылдардың ақпараттық, будандастық және кибернетикалық әдістері қолданылатын кезде елеулі қауіп-қатер туғызуда. Әскери барлау мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің жалпы құрылымында маңызды рөлге ие», - деді ҚР Қорғаныс министрі салтанатты рәсімде.
Сондай-ақ шара барысында қорғаныс ведомствосының басшысы әскери барлау органдарын дамытуға баға жетпес үлес қосып жатқан барлау бөлімшелері әскери қызметшілері қызметінің күрделілігі мен маңыздылығын атап өтті. Ведомство басшысы олардың кәсіпқойлықтарын, сауатты басқару және шебер ұйымдастырумен ұштастыруда өз ісіне деген адалдықтарын айта келе, ардагерлерге ерекше ілтипат пен алғыс білдірді.
Іс-шара соңында ерекше көзге түскен офицерлер мен сержанттар ведомстволық медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.