Әскери билетті жоғалтып алған жағдайда қалай тез қалпына келтіруге болады
Әскери билетті жоғалтып алған жағдайда оны екі тәсілмен – eGov порталымен немесе ХҚО жүгіну арқылы қалпына келтіруге болады.
«Билетті eGov арқылы қалпына келтіру үшін порталда авторизациядан өтіп, «Запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билеттер (әскери билеттердің орнына уақытша куәліктер) немесе олардың төлнұсқаларын беру» қызметін таңдау қажет. Бұдан кейін «Қызметтерге онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қою қажет болатын арнайы өтінімді толтырасыз. Тегін көрсетілетін қызметтің мерзімі – 5-7 жұмыс күніне дейін созылады», - деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚОФ баспасөз қызметі.
Егер азамат «Әскери билетті» ХҚО арқылы қалпына келтіргісе келсе, онда тиісті құжаттарды жинау қажет болады.
«Қандай құжаттар керектігін орталық кеңесшілерінен немесе 1414 нөмірі бойынша біле аласыздаз. Қызмет көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні. ХҚО-ға жүгінген кезде, өзіңізбен бірге 3х4 фотосуретіңіз болуы керек. Сондай-ақ фотосурет өтініш берушінің жасына сәйкес келуі және қатаң түрде ашық фонда толық көлемде түсірілуі тиіс. Адамның бет-жүзі жалпы фотоалаңының 70%-ын алуы қажет», - делінген мәліметте.
Айта кетейік, 2021 жылдың басынан бастап облыс ХҚО-лары арқылы 6 мыңға жуық әскери билет қайта қалпына келтірілді.